Home -- Kazakh -- Perform a PLAY – 138 (An awful accident 1)
138. Сұмдық апат 1
Қаладағы жағдай қиын болатын. Ешқандай ән де, күлкі де естілмеді. Бәрінің жүрегінде қорқыныш болды.
Бала күтуші: «Бұл сұмдық соғыс жақын арада аяқталады деп үміттенемін».
Әйел: «Саул патша жауды жеңе ме?»
Қалаға қарай жүгіріп келе жатқан адамды бірінші болып қала қабырғасындағы сақшылар көрді. Ол майданнан жаңалық әкелді. Оның түріне қарағанда, ол жақсы жаңалық әкелмеген сияқты.
Хабаршы: «Жау алдыңғы шеп арқылы бізге жетті. Саул патша мен Жонатан ханзада өлтірілді. Қашыңдар! Қашып, өздеріңді құтқарыңдар!»
Барлығы дүрбелеңге түсті. Көбісі асығыс қаладан қашып кетті.
Не деген жаман күн! Әсіресе Мепібосет үшін. Бала небәрі бес жаста еді, бірақ ол бәрін түсінді. Оның әкесі Жонатан ханзада, өлтірілді.
Әкесі енді ешқашан үйге келіп, оны қолына алмайды. Әкесі енді онымен ешқашан садақ атуға бармайды, оған ешқашан ертегі айтпайды. Мепібосет жылай бастады.
Енді балаға күтуші қарайтын болды.
Бала күтуші: «Мұнда кел, Мепібосет, біз кетуіміз керек. Бізге тездету керек, уақытымыз жоқ!»
Олар асығыс патша сарайынан шықты, сол сәтте апат болды.
Мепібосет: «Ай! Ай, менің аяғым!»
Мепібосет құлап, өзін қатты жарақаттады, енді ол жүре алмады. Сол апаттан кейін оның екі аяғы сал болып қалды. Бұл оның өміріндегі ең жаман күн болды. Алдымен әкесі өлді. Содан кейін олар қашуға мәжбүр болды. Ал енді бұл апат болды. Бала баспанасыз қалды.
Көп ұзамай босқындар Лодыбар деген жерге жетті. Лодыбар «мағынасыз, түкке тұрғысыз» дегенді білдіреді. Мепібосет өзін дәл осылай сезінді. Ол - мен енді ешкімге керек емеспін, деп ойлады.
Сен кейде өзіңді түкке тұрғысызбын деп сезінесің бе? Егер сен сыныпта үздік оқушы болмасаң, жарыстарда жеңіске жетпесең, айналаңдағылардың бәрі сенен жақсырақ және басқалардың бәрін сенен артық жақсы көретін сияқты болып саған көрінетін шығар.
Сонда сен Мепібосетті түсіне аласың. Осылайша ол ұзақ жылдар бойы Лодыбарда тұрды.
Оның марқұм әкесінің ең жақын досы Дәуіт болды, ол Исраилдің патшасы болды. Бір күні ол патша сарайында ойланып жүрді.
Дәуіт: «Тыңдашы, Сиба, қызметшім, Саулдың отбасынан қандай да бір тірі жан бар ма екен?»
Сиба: «Иә, Жонатанның ұлы, ақсақ Мепібосет».
Дәуіт: «Ол қай жерде тұрады?»
Сиба: «Лодыбарда».
Дәуіт патша не ойлап тапты? Бұл туралы толығырақ келесі бөлімде.
Рөлдер: Баяндаушы, бала күтуші, әйел, хабаршы, Мепібосет, Дәуіт, Сиба
Авторлық құқықтар: CEF Germany